Еліміздің Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Айналайын бөбекжайында» «Тәуелсіз елім-Қазақстан» жобасы жүзеге асырылды. Аты айтып тұрғандай бұл жобаның негізгі мақсаты-Туған жер, Отан ұғымдарын үйрете отырып, балалардың патриоттық сезімдерін ояту, Отансүйгіштікке тәрбиелеу, Мәңгілік ел құндылықтарын бала бойына сіңірту.
«Отан деп соққан жүрегі, Елбасы елдің тірегі» тақырыбында «Арман» мәдениет үйімен бірлескен іс шара (көрме, бейнематериалдар) өткізілді. «Арман» мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Мизамбаева Р. балаларды мәдениет үйіне экскурсия жасатып, таныстырды. ІІ кіші топ тәрбиешілері Тәуелсіз Қазақстанның рәміздері жайлы әңгіме сабақ жүргізді. Ортаңғы және ересек топ тәрбиешілері «Мәңгілік Ел-бұл менің туған өлкем» тақырыбында жоба қорғады. Балабақша әдіскері мен тәрбиешілер «Мәңгілік ел құндылықтарын бала бойына сіңірудегі отбасымен ынтымақтасу» бағытында ата-аналармен дөңгелек үстел өткізіп, түрлі пікірлер тыңдалып, талқыланды.
Мектепке дейінгі мекеменің барлық педагогтары «Шебердің қолы ортақ» тақырыбы аясында ұлттық нақыштағы сувенирлер көрмесін ұйымдастырды. Көрме кезінде балабақша педагогтарының ағаш сувенирлер, киіз үйлер, ұлттық аспаптар, ұлттық ою-өрнектермен безендірілген түрлі сувенирлерді ортаға салып, өз шеберліктерін паш етті. ІІ кіші топ, ортаңғы және ересек топ тәрбиеленушілері «Мен елімнің Патриотымын» тақырыбында дәстүрлі емес әдіспен жасалған шығармашылық жұмыстар жасап, оны топ тәрбиешілері арнайы стендтерге іліп көрме ұйымдастырды.
Жобаның қорытындысы ретінде балабақшамыздың музыка, би жетекшілерінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіз елім-Қазақстаным!» атты қорытынды концерттік бағдарлама өтті. Концертте ортаңғы, ересек топтарының тәрбиеленушілерінің қатысуымен патриоттық әндер шырқалып, ұлттық билер биленді.