11 сәуір күні Шиелі ауданындағы «Айналайын» балабақшасының базасында мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтарына арналған әдістемелік семинар өткізілді. Әдістемелік семинар жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын арттыру, балаларды мектепке дайындауға бағытталған инновациялық әдістер мен технологияларды насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Шараға Жалағаш, Сырдария, Қармақшы, Жаңақорған, Шиелі аудандары мен Қызылорда қаласының балабақша меңгерушілері, әдіскерлері және тәрбиешілері, барлығы 70 педагог қатысты.
Әдістемелік семинар жұмысын Қызылорда облыстық оқу орталығы директорының орынбасары Дихамбаева Гүлнар Батырбекқызы және Шиелі аудандық білім бөлімінің бастығы Сейілханов Болат Пернебайұлы ашты.
Семинардың басты ерекшелігі Астана қаласындағы №24 «Айналайын» балабақшасы мен Ресей мемлекетінің Санкт-Петербург қаласындағы №32 балабақшасының жұмыс тәжірибесімен он-лайн режимінде таныстыру ерекшелігінде болды. Ақпаратты технология арқылы іс-тәжірибе алмасу нәтижесінде «Айналайын» балабақшасының педагогтары өз шығармашылықтарын көрсете білді.
Бағдарламаға сәйкес Монтессори педагогикасы бойынша жұмыс жасайтын «Болашақ» тобында (А. Тоқсанбаева, М.Ташенова – Монтессори педагогтары) «Ізгі тілекті хаттар» тақырыбында шеңбер өткізілді. Оның мақсаты: қоғамдық ұйымдармен байланыс орната отырып, балаларды ардагерлерді құрметтеуге, қамқор болуға тәрбиелеу болды.
«Ас атасы-нан» тақырыбында «ТРИЗ» әдістерін қолдана отырып өткізілген ойлау қабілетін дамытатын жаттығулар көрсетілімінде балаларды интеллектуалды тұрғыда дамыту, логикалық ойлауын жетілдіру көзделді. (Д.Сейтмағамбетова, Н.Зинковская - тәрбиешілер)
«Жобалау» әрекеті бойынша өткізілген «Біз еңбекқор баламыз» тақырыбындағы кіріктірілген оқу қызметінде балалардың туған өлкеге сүйіспеншілігін арттыру, еңбек адамдарына құрмет көрсету міндеттері жүзеге асырылды. 5-6 жастағы балалардың ауызша сөйлеуін дамытуға баса назар аударылды. Оқу қызметі барысында флипчарт қолданылды, мұражайға виртуалды саяхат жасалды. Ағылшын тілінде еңбек құралдарымен таныстыра отырып, дәстүрлі емес әдіс тәсілдер негізінде шығармашылық жұмыс көрсетілді. (Э.Алиева - тәрбиеші, А.Ахантаева – ағылшын тілі оқытушысы)
«Денсаулық сақтау» технологиясы бойынша «Алтын балық патшалығында» тақырыбында жабық бассейндегі шынықтыру шаралары көрсетілді. Шара барысында мектепке дейінгі жастағы балалардың жүзу, судағы жаттығуларды жасау, спорт құралдарын қолдану іс-әрекеттері насихатталды. (А.Рүстемова – медбике, Г.Молдахметова, А.Ибадулла – дене тәрбиесі нұсқаушылары)
«Анашымның қолдауы» тақырыбында өткізілген ата-аналар клубының отырысында кіші топтағы балалардың жалпы бейімделуі жайлы әңгімелесе отырып, баланың жалпы қабылдауы, көру және есте сақтау қабілеттерін дамытуға бағытталған әуенді қимылдарды ата-анасымен бірге орындау әдістері көрсетілді. (З.Ашимова – педагог-психолог)
Логопед-мұғаліммен (Г.Пірмахан) «Тілашар» ата-аналар клубының отырысы өткізіліп, үй жағдайында бала тілін дамытуда қолданылатын жаттығулар ата-аналармен бірлесе орындалды. Отырыс барысында ата-аналар мен балалар артикуляциялық жаттығулар, қол моторикасын дамыту жұмыстары, фонетикалық есту қабілетіне арналған ойын жаттығуларын орындап, зонд массажының жасалуын үйренді.
Өзара желілік қарым-қатынас бойынша Астана қаласындағы №24 «Айналайын» балабақшасы, Ресей мемлекетінің Санкт-Петербург қаласындағы №32 балабақшасымен он-лайн кездесу өткізілді. Он-лайн режимінде болған кездесу барысында балабақша тәрбиеленушілері туған өлкелері жайлы презентация жасап, достық қарым-қатынас орнатты. Айналайынның бүлдіршіндері Тәуелсіз Қазақстан жайлы баяндап берді.
Балабақша меңгерушісі М.Дүйсебаева «Баланың толыққанды тұлғалық дамуын қамтамасыз ететін инновациялық технологияларды ендіре отырып, балаларға білім беру жұмысының тиімділігін арттыру» тақырыбында баяндама жасады. Баяндама барысында «Айналайын» балабақшасында жүргізіліп жатырған жаңа бастамалар, педагогтар қолданатын инновциялық технологиялар жайлы таныстырды.
Облыстық семинардың басты ұйымдастырушысы Қызылорда облыстық оқу орталығы (әдістемелік кабинет) мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы педагогикалық процесті ұйымдастыру, сала мамандарының кәсіби шеберлігін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Озық іс-тәжірибелерді насихаттау мақсатында арнайы іс-шара жоспарына сәйкес барлық аудандар мен Қызылорда қаласында түрлі семинарлар, шеберлік сыныптарын өткізу жоспарланған.
Шараны қорытындылаған Қызылорда облыстық оқу орталығы директорының орынбасары Дихамбаева Гүлнар Батырбекқызы жаңартылған білім беру мазмұны бойынша мектеп жасына дейінгі балалардың білім-білік дағдыларын қалыптастыру, балаларды мектепте оқуға мақсатты түрде дайындау шаралары жүргізіле береді. Және меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдарда балалардың жас және жеке мүмкіндіктеріне сәйкес жан-жақты дамытуға бағытталған тәрбиелеу мен оқыту процесі іске асырылатынын жеткізді.
Семинар қорытындысында қатысушылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, «Айналайын» балабақшасының шығармашыл педагогтары арнайы сертификаттармен марапатталды.